Әдебиет адымы әртүрлі…

Әуелі прозаға тоқталайық. Проза жанрын елеп-екшеген Нұрлан Қами әдебиеттің бүгінгі тыныс-тіршілігін сөз етті. Мәселен, «Өткен жылғы жетістіктеріміздің бірі – классик жазушымыз Дулат Исабековтің прозалық жинағы Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді. Ұлыбританияның зиялы қауымы Дулат ағамыздың құрметіне дүрілдетіп қол соқты. Бұл – қазақ әдебиетінің мерейі. Өйткені бізде Дулаттың әдебиеті, Төленнің әдебиеті, Мағауинның әдебиеті деген әдебиет жоқ. Ұлы мәртебелі қазақ әдебиеті бар. Бәріміз сол әміршіге қызмет етеміз. Бұл оқиға қазақ әдебиетінің, қазақ прозасының әлемдік деңгейде мойындалуы, отандық сөз өнері қай халықтың да рухани байлығынан кем түспейтінінің дәлелі» деп бастады.
– Өткен жылғы жетістіктердің бірі – «Алтын қалам» республикалық әдеби бәйгесінің «Үздік роман» саласы бойынша жеңімпазы Тұрысбек Сәукетайдың «Мен – жындымын» романының жеке кітап болып шыққаны. «Анау-мынауға елеңдей бермейтін самарқаулау қоғамымызды сәл де болса селт еткізген кітапты жастарымыз іздеп жүріп оқығанының куәсі болдық. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі бар ғұмыры ізгіліктен ғана тұратын қазақ қоғамы жабайы капитализм келгелі кісәпірленіп, қатыгезденіп, адамгершіліктен аулақтап бара жатқаны шығарманың бас кейіпкері – жазушының көзімен еш боямасыз көрсетілген. Романда салмағы зіл-батпан ауыр да әділ сұрақтар алға тартылады: жеке-жеке алғанда еш міні жоқ, ешқандай кінә тағу мүмкін еместей көрінетін азаматтар қоғам болып ұйысқан кезде өзінің де, өзгенің де қадірін білмес тоғышар болып кететіні неліктен? «Тобыр» деп аталатын ондай қоғамнан жақсылық күтуге бола ма? Бір кезде өзіне-өзі «адам жанының инженері» деген ақылға сыйымсыз атақ беріп, қоғамдағы кем-кетікті, ауру-сырқауды тамыршыдай тап басып таба білетін данагөй тәуіп, сол сырқаттан арылудың әдіс-амалын нұсқар білікті емші, адасқанға жөн сілтеп, жол көрсетер ақылман-кеңесші деп танылып келген ақын-жазушылар еліміз егемендік алған кезде ешкімге керек болмай қалғаны қалай? Сөйтіп, бірден-бірге ұсақтап бара жатқан жазарман қауым халықтың қамын ойламақ түгіл, өз күнін өзі көре алмайтын бейшараға айналып кеткеннен сау ма? Төбемізден тоқпақ айырмайтын қатыгез қожайыннан құтылып, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде тағы кімге жалтақтаймыз? Әлде жазушы деген әу бастан жалтақ, жағымпаз халық па? Ойлы оқырман шынайы суреткердің жанашырлықтан туындаған осындай аяусыз сұрақтардың жауабын кітаптың өзінен, қала берді күнделікті өмірдегі шындықтан табар деп үміттенеміз, – дейді баяндамашы. Жазушы ерекше тоқталған шығармалардың
бірі – Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» деп аталатын үш томдық романы. Арал тағдырын Адам тағдырынан ажыратып қарауға болмайтынын, екеуі тығыз байланысты екенін жаны шырқырай суреттеген шығарма. «Аталмыш шығарманы ақсақал жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының рухани жалғасы деуге болады. Табиғат экологиясы біртіндеп адамзат экологиясына ұласып бара жатқаны жайында дабыл қаққан екі роман іштей үндесіп жатыр. Трилогияның бірінші кітабы – Арал реквиемі. Бір кездері айналасындағы елдің ырысы болған, өркөкірек адамның өзімшілдікпен араласуынан құрдымға кетіп бара жатқан Арал теңізін, сол теңіздің балығымен нәпақасын айырып, күнін көріп келген қалың елдің кешегі барақатты тіршілігін жүрегі езіле жоқтау. Бір деммен оқылады. Ал екінші және үшінші кітаптар моральдық-экспрессивтік салмағынан айырылып, жеңілдеп кеткендей сезіледі. Өйткені теңіздің тартылуына өзі де кінәлі екенін білгендіктен дүниеден баз кешіп, бала-шағасынан безіп, туған анасының жан шуағына да селт етпейтіндей құсаға шалдыққан кейіпкер қайта серпіліп, өмірге араласып кетеді. Онда да талай шындық бүкпесіз айтылған, алайда кейіпкердің «өмірге қайта оралуына» сене алмай абыржып қаласыз» дейді қаламгер.
Жазушы Бақыт Мерекенованың «Тағдыр» атты жинағы, Жанар Әбдішеваның «Өмір сүрсем… кеш емес» әңгімелер жинағы, Мира Сүйінішәлиеваның «Ар азабы» жинағы, Қуаныш Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» кітабына арнайы тоқталып өтті. Белгілі жазушы Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманатына» да лайықты баға берілді.
Поэзия жанрын қаузаған ақын Жарас Сәрсек ә, дегеннен әңгімесін «жаңа кітаптарға қарық болып, қолымыз жылынып қала ма деген едік. Одақ тарапынан 2017 жылға тиесілі санаулы ғана жинақ ұсынылды» деп бастады. Сонда поэзия жанры «қарыштап» дамып кетті дегеніміз бекер болғаны ма? Сонымен, баяндамашының қолына іліккен санаулы авторлар кімдер?

– Ол өзін қояды анда да, мұнда да,
Ішінен ызыңдап келеді мұңдана.
Е, жоқ ол өлеңмен дұға оқып келеді,
Сырласы – Түн, Дала.
Ол мына өліара өмірге өкпелі,
Қайтпады құстары.
Әттеңі – келмеді көктемі.
Бағдаршам – қызыл түс,
Шамданып тұр қазір сол ақын
Өтпелі кезеңнен өткелі… – деп елең еткізген Нұргелді Әбдіғаниұлы дейтін ініміз. Үміт күтеміз, осы баладан» дейді ақын.
Одан бөлек Бақытжан Тобаяқовтың, Оразбай Байпақұлының, Итен Қарымсақұлының, Толыбай Абылаевтың жинақтарына арнайы тоқталды. «Барша қаламгерлер атынан жауап беруге менде құқық жоқ. Алайда бірауыз пікір айту – парыз. Әрине, қаламгердің ағайыншыл емес, алашшыл болуын әркім қалайды. Автордың ортаға сауал тастауын қолдаймын. Кешегі Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан сияқты арыстардың ұлтшылдық мінезін бойына дарытқан қаламгерлер жоқ емес, бар арамызда. Арқамызға аяздай батқан түрлі мәселелер төңірегінде ойын ашық айтып, билікке сұқ саусағын көрсетіп те жүрген әріптестер жетерлік. Мәселе айтуда болса, бұғып қалып жатқан ешкім жоқ. Жау мен жақыныңның кім екенін, ақ пен қараның арасалмағын ажыратып барып арағайындық сөзін салмақтайтын қалам иелеріне оқыс қимыл тағы да жараспас еді. Піспеген пікір – шалшық сумен пара-пар. Онымен шөл қандыра алмайсың» дейді баяндамашы. Жөн пікір.
Қазір режиссер біткен драматург жоқ деп әлек, драматургтер режиссер таба алмай жүр. Шынымен, драматургия саласы кенжелеп қалды ма? Бұған драматургия саласын жіліктеп берген Ардақ Нұрғазы не айтады? «Бүгінгі қазақ театр өнері мен драматургиясының төрт құбыласы сай, есебі түгел, кемшіліктерден таза деп айта алмаймыз. Театртанушы сыншылар мен күнделікті баспасөзде жиі айтылатын сын-пікірлер бүгінгі сахна өнері мен театрда орын теуіп отырған мәселелердің әлі де қомақты екенін көрсетеді. Сынның айтылуы орынды және ол шындықтан алыс емес деп ойлаймыз. Айталық, бүгінгі театрға байланысты мынадай сын жиі назарға ілінеді. Соның бірі театр директорлары мен режиссерлерінің «жақсы сахналық шығармалар жоқ» дейтін уәжі. Драматург пьеса жазады, режиссер оны сахналайды, актер ойнап шығады. Бұл арада театр мен режиссердің салмағы басым, шешімінің де үстемдік алары анық. Біз 2017 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ театрында өткен жаңа қойылымдардың премьерасын бір шолып шықтық. Сонда байқағанымыз кәсіби драматург ретінде М.Омардың «Көмбе нанның дәмі» мен А.Аламанның «Жүрегімнің иесі» шығармасынан тыс жоғарыдағы өнер ұжымдарында жаңа қойылған спектакльдердің бәрі дерлік ақын-жазушылардың, одан қалды әлемдік классик шығармалардан тұрғанын көрдік. Облыстардағы театрлардың жағдайы да осыған саяды» дейді баяндамашы. Драматургия саласын жетілдіру үшін не қажет? Баяндамашы мұның жолын табуға болады дейді. «Драматургтарды тәрбиелеу Өнер академеясын бітірумен аяқталмауға тиіс. Шығармашылықта өзін тұлғалай бастаған авторларды Англия, Франция, Германия сынды елдердің білімін жетілдіретін арнайы курстарына жіберу қажет-ақ. Оларды және театрға тартып, бірлесіп қоян-қолтық жұмыс істеуге мүмкіндік жаратып, практикалық дүниетанымын қалыптастыруға жағдай жасалса дейміз. Бұл – драматург, режиссер, актерден тұратын шығармашылық әлемнің үндестігін тудырып, қазақ театр өнерінің өз топырағынан қуат алып өркендеуіне берік негіз қалар еді. Елімізде және шет елдерде театр фестивальдері өтіп жатады, оған біздің республикалық және облыстық деңгейдегі театр ұжымдары белсене атсалысады. Өкініштісі осы берекелі шарадан драматургтарымыз үнемі тыс қалып қояды. Бұл тіпті түсініксіз, театрдың өзі отырған бұтағын өзі шапқандай ыңғайсыз жағдай. Бұл да ойландырады. Шет елдерде өткен театр фестивальдеріне, шетелдегі қойылымдар кезінде шараға драматургтарды да тарту күн тәртібіне алынса дейміз. Елімізде ұйымдастырылған халықаралық театр фестивальдеріне шетелдік даңқты режиссер, актерлер, актрисалармен қатар мықты драматургтарды да неге шақырмасқа? Бұл олармен біздің драматургтар арасында ой-тәжірибе алмасуға көпір болар еді. Драматургтарымыздың көргені көбейіп, көз аясын кеңейтіп, жаңа түйсік, жаңа сападағы пьесалар жазуына мүмкіндік тудырар еді. Мұнан тыс батыс елдерінің үздік драматургтарының, айталық Нобель сыйлығын алған драматургтардың пьесаларын, олар туралы зерттеу еңбектерін жүйелі түрде қазақ тіліне аударып, кітап етіп жарыққа шығаруға, олар туралы өз авторларымыздың зерттеу еңбектер жазуына мүмкіндік жасалса дейміз. Ол жас буынның шығармашылық дүниетанымына оң ықпал етері анық» дейді.
Балалар әдебиеті туралы да сын көп. Әдебиеттің осы бір саласы дамымай, кенжелеп қалғаны жасырын емес. Балалар жазушысы десек, санаулы адамдар ғана ойға оралады. Бір кездегі балалар әдебиетін дүркіреткен ақын-жазушылардың ізбасарлары қайда? Олар неге көрінбейді? Балалар мінбері кім-көрінгеннің шығатын ортасы болып кеткені қынжылтады.
«Бүгін таңда еліміздегі балабақшалар мен бастауыш сынып оқушыларының түрлі мерекелер мен атаулы күндерге арналатын ертеңгіліктеріне барып қатыса қалсаң, көп жағдайда бүлдіршіндердің құрылымы да, мәтіндері де түсініксіз тақпақтарды шүлдірлеп тұрғанына куә боламыз. Ондай мәтіндерді тәрбиешілер мен мұғалімдер қайдан алады екен деген ойға қаласыз. Сонда, бізде балаларға арнап жазылған тақпақтар жоқ дейсіз бе?
«Жетісу балалар кітапханасы» сериясымен жарық көрген белгілі ақын Әли Ысқабайдың «Ұлы дала ұлымын» жыр жинағынан мерекелік салтанаттарға қажетті дүниелердің бәрін табуға болады. Алты бөлімге топтастырылған өлең-тақпақтар арасында балаларға арналған ойындар да, жұмбақ-жаңылтпаштар да, өтірік өлеңдер де баршылық. Жыр шумақтары ұтымды ұйқаспен өрілгендіктен жеңіл оқылады, жақсы қабылданады, есте сақтап, тез жаттап алуға да оңтайлы» дейді балалар әдебиетіне шолу жасаған жазушы Қанат Қайым.
Балалар жазушылары неге танымал емес? «Қазір оларды оқырмандары тұрмақ өзге ақын-жазушылар да танымайды, шығармалары былай тұрсын, аты-жөндерін де біле бермейді. Өйткені қазіргі жазушылар өзінің шығармасынан өзге ешкімді оқымайды. Оқырмандардың қаламгерлерді танымайтыны – Жазушылар одағының жанында баяғыдай насихат бюросы деген жоқ. Жазушы мен оқырман арасындағы байланыс үзілген. Сондықтан әр облыстағы әкімдіктермен жұмыс жүргізіп, қаламгерлердің ел арасына шығып, оқырмандармен қауышуларына әрекет жасауға талпыну керек болар. Одақтың балалар әдебиеті кеңесі ең болмағанда, Алматы қаласындағы мектептерде қаламгерлердің оқушылармен кездесулерінің жүйелі жоспарын жасақтайтын кезі әлдеқашан келген» дейді баяндамашы. Балалар әдебиетіне қатысты түйткілді мәселелер де баяндамадан тыс қалмады. Түрлі байқаулар мен конкурстардың аздығы да – мәселе. Шығармашылық шабыт беретін байқаулар жоқтың қасы. Сонда балалар әдебиеті қалай өркендемек? Қанат Қайымды алаңдататын түйткілдер – осы.
Аударма жанрына салмақты сараптама жасап, ұтымды пікірлер айтқан Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Қолымызға тиіп, қорымызға қосылған аудармалардан: бұрынғы қайсы елдің жазушысы болса да, тек орыс тілінен аударатын әдеттен алыстап – түрік, әзірбайжан, қырғыз, парсы, жапон, қытай, ағылшын тілдерінен аудару қолға алынғанын көрдім. Міне, бұл бұрмалаудан, түсінбеушіліктен арылып толыққанды аудармаға жақындауды көрсетеді. Біздің қаламгерлердіңде өрісі кеңейіп, жаңа аудармашы мамандар пайда болғанынан дерек береді. «Саннан сапа туады» демей ме? Аудармалардың көбейіп келе жатқанына, авторлар қатарының молая бастағанына қуандық. Өзгесі сыншылар мен ғалымдардың еншісінде» , – деп талдаған аудармаларының әр қайсысы бір-бір мақаланың жүгі боларына сенім білдірді.
Жыл қорытындысында әдеби-сын да, сатира да, ұйғыр әдебиеті де, орыс әдебиеті де, фантастика жанры да сөз болды. Әр жанрдың өз проблемасы жетерлік. Тәуелсіз қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуі туралы не айтамыз? Жиын барысында жазушылар тарапынан айтылған ұсыныстар да жоқ емес. Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Есенғали Раушанов: «Бұрындары жыл қорытындысында барлығы әдеби-сында не айтылар екен деп келетін. Ақын-жазушылардың кітаптары қатаң сыннан өтетін. Бүгінде жасаған баяндама мен хабарламалардың дені – шолу. Жыл қорытындысында керегі шолу емес, сараптама. Баяндамашының сараптап айтқан саралы сөзі мен айтқан сынын авторлар да мойындап, құлақ асуы керек» ,– деді. Ал жарыссөзде алғашқы пікір айтқан ақын Темірхан Медетбек «Күнделікті тіршіліктің күйбеңі мен абыр-сабырға байланысты ақын-жазушылардың дәстүрлі мерекесі саналатын жыл қорытындысы, жылдағы уақытынан кеш өткізіліп жатыр. Дегенмен бұл шараның жастар үшін маңыздылығын ұмытпасақ екен. Өсіп келе жатқан ұрпақты көбірек тарту керек. Оқылған баяндамалар көңілімнен шықты. Кемшіліктер де баршылық, бірақ осы уақытта, қауырт заманда кем тұсты айту – айып. Тек бәрекелді дегім келеді», – деді.
Сондай-ақ Әдеби жыл қорытындысында сөз кезегін алған ақын-жазушылар 2017 жылы біршама әдеби кітаптар жарық көргенімен, олардың таралымы тым аз екенін, халықтың сұранысын қанағаттандырмайтынын баса айтты.
– Бұл – біздің бір жылдық өніміміз іспетті. Мысалы, диқандар жерге еккен өнімін күзде тірнектеп жинайтыны сияқты, қаламгерлер қауымының міндеті – Алланың берген рухы мен дарынын қаламмен қағазға түсіріп, оны ел-жұртпен қауыштыру, – деді ақын Исраил Сапарбай.
Жиын басында айтылған ұсыныстың бірі – Жазушылар одағына дарынды жастарды мейлінше көбірек тарту. «Одаққа жас буынды мүшелікке қабылдауды жөн санаймын. Сонымен қатар «Жұздыз» журналы мен «Қазақ әдебиетінің» таралымының азайып кеткені қабырғама аяздай батты. Бұл істі ең құрығанда, одаққа мүше бірнеше адамдарға тапсыру қажет. Тағы бір айтарым, өткен жолғы съезімізді «төбелеске» айналды деді. Істің мәнісіне келгенде, ши шығарып, дауға айналдыратын жазушылар емес, сырттан келген қонақтар. Келесі одақтың жиындарында, келген адамдардан одақтың мүшесі екенін анықтайтын, қағаз болуы талап етілсе деймін» деді Кәдірбек Сегізбай.
Сонымен қатар жарыссөзге шыққан қаламгер қауым жыл қорытындысында сарапталған кітаптар қатарына алыс қалалардан біраз авторлар мен туындылар қосылмай қалғанын, келесі жылы осы мәселе ескерілуін сұрады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қазақ қаламгерлерінің жағдайы түзелмей, әдебиеттің де жайы мәз болмақ емес.
Гүлзина БЕКТАС,
Жанерке АХМЕТ
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:

01 ноябрь 2017, Среда
Ұлықбек Есдәулет: Әдебиетімізді әлемге саусақпен санарлық қаламгерлер танытып жатыр
Пікірлер (0)